Жаңалықтар
ШҚО-да жол апатынан бір адам қаза тапты

Шығыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам көз жұмды. Қайғылы жағдай 12 қаңтар күні «Өскемен – Северное» автожолының 25-шақырымында болған.
– Chevrolet Nexia көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Toyota Mark 2 автокөлігімен соқтығысқан. Chevrolet Nexia көлігінде жүргізушіден бөлек төрт жолаушы болған,-деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Апат салдарынан 25 жастағы жолаушы оқиға орнында қайтыс болды. Тағы екі адам жарақат алып, Өскемен қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жарияланбайды.



