ШҚО-да есірткімен күрес қалай жүріп жатыр?

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен Өңірлік ведомствоаралық штаб отырысында нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарылған кешенді жұмыстың нәтижелері қорытындыланды.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері есірткіге қарсы ауқымды науқанның қорытындылары туралы есеп берді.
Облыстық психикалық денсаулық орталығының медицина қызметкерлері прокуратура, полиция, қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменті және төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, ауқымды ақпараттық және емдеу-профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Науқан барысында дәрігерлер мен сарапшылардың қатысуымен 25 ірі ведомствоаралық шара өткізілді. Негізгі назар жасөспірімдерге, студенттерге, әскери қызметшілерге және өңірдегі еңбек ұжымдарына аударылды.
Дәрістер, дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырылып, барша ниет білдірушілер үшін психиатр-нарколог дәрігерлердің анонимді консультациясы қарастырылған Ашық есік күндері өткізілді. Тәуекел тобына жататын адамдарды ерте анықтау мақсатында мамандар психобелсенді заттарды қолдануға қатысты ерікті тестілеу ұйымдастырды.
Нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес бағытындағы ауқымды жұмыстың нәтижелері туралы полиция департаментінің қызметкерлері де баяндады.
202 есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде есірткі заттарын өткізуге байланысты 92 фактінің жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 267 келі есірткі заты тәркіленді. «Кибербақылау» жүйесінің көмегімен құқық қорғау органдары есірткі таратқан мыңға жуық сайт пен интернет-ресурсты бұғаттады.
Өңірдің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметінше, полиция, мемлекеттік органдар, волонтерлер мен қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысы, әсіресе жастар арасында профилактикалық шараларды күшейтуге мүмкіндік берді.
Құқық қорғау органдары 31 мыңнан астам адамды қамтыған 43 профилактикалық іс-шара өткізді. Акциялар, рейдтер мен спорттық іс-шараларға 45 волонтер және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері белсенді қатысты.
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған облыстық «Free Life Fest» фестиваліне 2,5 мыңнан астам адам жиналды.
Жалпы, құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 500-ге жуық есірткіге қарсы іс-шара өткізіліп, онда 107 мың адам қамтылды.



