Yandex таксиде жол апатын ЖИ анықтай алады

Yandex такси қызметіндегі жасанды интеллект көліктің қозғалысын бақылап, жол апаты қаупін алдын ала анықтай алады.
Бұл туралы Yandex Qazaqstan бас директоры Тимур Шалекенов Үкімет отырысында айтты.
Оның айтуынша, жүйе сапар кезінде көліктің қай бағытта жүргенін, қай жерде тоқтағанын бақылап отырады. Смартфондағы датчиктер арқылы көліктің апатқа ұшырағанын немесе апат болуы мүмкін екенін де анықтай алады. Мұндай жағдайда қауіпсіздік қызметі жағдайды тексеріп, қажет болса көмек көрсетеді.
Сонымен қатар жүйе көліктің белгіленген бағыттан ауытқуын және әдеттен тыс тоқтауын да байқайды. Бұл туралы қауіпсіздік қызметіне ақпарат жіберіледі. Қызметте 40-тан астам маман жұмыс істейді.
Yandex мәліметінше, қазір жүйе сапар кезіндегі оқиғалардың 24,3 пайызын анықтайды. Ал барлық сапардың 99,9 пайызы ешқандай оқиғасыз өтеді. Бір миллион шақырымға шаққандағы жол апаттарының саны 17 пайызға азайған.
Қазақстанда қазір жүздеген мың адам Yandex платформасы арқылы жұмыс істейді. Соңғы бір жылда олардың саны шамамен төрт есеге өскен.
2024–2026 жылдары платформа арқылы шамамен 20 млрд теңге салық пен әлеуметтік төлем төленген.



