Оң жақ рульді көліктерге шектеу: Alphard жүргізушілерін не күтіп тұр?

Қазақстанда Toyota Alphard және басқа да оң жақ рульді көліктерге қатысты шектеу енгізу жоспарланып жатыр. Мұндай көліктерге танымал такси қызметтері арқылы қалааралық бағыттар бойынша жолаушы тасымалдау рұқсат етілмейді.
Бұл мәселе Көлік министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің жол-көлік апаттарын азайтуға бағытталған бірлескен шаралары аясында талқыланды. Негізгі мақсат — жүргізушілерді табыстан айырмай, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Кеңес төрағасы Ерлан Сайыров жолаушылар тасымалымен байланысты апаттардың көбеюі алаңдаушылық тудыратынын айтты.
«Басты мақсат — азаматтардың өмірін қорғау. Сонымен қатар, қабылданып жатқан шаралар жүргізушілер арасында жұмыс орындарының жаппай жоғалуына әкелмеуі керек», — деді ол.
Автокөлік саласының сарапшысы және қоғам белсендісі Еркебұлан Құлбасов оң жақ рульді көліктер мәселесі бұрын да көтерілгенін атап өтті.
«Азаматтар ұсыныстар алып жатыр, сондай-ақ ымыраға келу нұсқалары да бар. Менің ойымша, барлық тараптарды қанағаттандыратын теңгерімді шешім табылады», — деді Құлбасов.
Yandex Go және inDrive компаниялары Toyota Alphard сияқты оң жақ рульді көліктердің, сондай-ақ тексеруден өтпеген көліктердің жүруіне тыйым салуға келісті.
ҚР көлік министрінің орынбасары Мақсат Қалиақпаров кейбір жүргізушілердің заңсыз жолаушы тасымалдап жүргенін айтты. Оның сөзінше, көліктер мен жүргізушілерге қойылатын талаптар күшейтіледі.
«Тіркелгеннен кейін көлік құралы уақытында техникалық тексеруден өтіп, жүргізуші жылына екі рет медициналық тексеруден өтуі керек», — деді Қалиақпаров.
Айта кетейк, ұлттық тас жолдарда орташа жылдамдыққа шектеу енгізілген болатын. Соның арқасында жол-көлік апаты 15 пайызға азайды.



