Өскемендіктер әр сенбіні асыға күтеді

Өскемендіктер әр сенбіні асыға күтеді. Себебі апта сайын ауылдағы ағайын облыс тұрғындары үшін өз өнімдерін алып келеді. Бүгін де халық «Алтай көтерме-тарату» орталығының маңына Ұлан ауданы шаруаларының өнімін алуға жиналды.
Таңсәріден жәрмеңкеде тіршілік қайнап тұр. Жұрт табиғи таза өнімді қолжетімді бағаға алуға асық. Сауда жасап жүрген жұрт үшін аудан өнерпаздары өнер көрсетуде.
-
Бүгінгі жәрмеңкеге 1,5 тоннадан аса ірі қараның еті, 2,5 тонна жылқы еті, 600 келі қой еті мен шошқа етін, құс етін ұсынып отырмыз. Аудан кәсіпкерлері белсенділік танытып жатыр. Халықтың да қарасы қалың. Қаладағы базарлардан төмен, арнайы бекітілген баға қойылды, — деді Ұлан ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділбек Рамазанов.
Жәрмеңкеге келген халықтың арасында ауданнан көшіп кеткен жандар да бар.
-
Күні кеше аудан өнерпаздарының өнерін тамашаладық. Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Ал бүгін жәрмеңкеде жүрміз. Қалаға көшіп келгеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Туған жердің әні мен дәмін сағынып жүрген біз үшін бұл керемет мүмкіндік болды, — дейді тұрғын Серік Нұрғалиев.



