ШҚО командасы айтыста жеңіске жетті

Өскемендегі облыстық филармонияда өткен «Алтайым – алтын бесігім» атты республикалық командалық айтыста Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының ақындары мен өнерпаздары қатысты.
Айтыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл өнердің ұлттық құндылық ретіндегі маңызын атап өтті.
Сайысқа әр өңірден 10 адамнан құралған командалар қатысты. Қатысушылар тек суырыпсалма өнер көрсетіп қана қоймай, терме айтып, жыр орындап, халық әндерін шырқап, күй тартты.
Ерекше форматтағы жоба 2024 жылдан бері «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Жобаның авторы – Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай. Ал байқауға төрелік етіп жүрген – айтыс өнерінің абызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.
Сайыс қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.



