Екі шақырымдық құрақ:ШҚО тағы да рекорд жаңартты

Өскеменде «Ғасырлық дәстүрлер» кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының халықаралық фестивалі өтті.
Ауқымды шараға Әзірбайжан, Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Таулы Алтайдан, сондай-ақ еліміздің түрлі өңірлерінен 800-ден астам қолөнер шебері келді.
Фестивальге Қазақстан Республикасының Материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі Ұлттық комитет мүшелері де қатысты.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, қолөнердің ұлттық мәдениет пен рухани мұраны сақтаудағы маңызын атап өтті.
— Дана халқымызда «Шебердің қолы ортақ» деген аталы сөз бар. Қолөнер — тек шебер қолдың туындысы ғана емес, халықтың жанын, болмысын, тарихын сөйлететін сырлы тіл. Бұл өнер өткен мен бүгінді жалғап, келешекке жол ашатын ұлттық құндылық. «Аламан құрақ» жобасы аясында ұлт мұрасы саналатын құрақ құрау өнерін жаңғыртып, халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған игі бастама сәтті іске ассын, — деді аймақ басшысы.
Фестиваль аясында ұзындығы екі шақырымнан асатын 789 аламан құрақ көрпе жайылып, «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабына енгізілді.
— Рекордты тіркеу жұмыстары таңертең басталды. Мамандар арнайы құрылғылармен құрақ көрпенің ұзындығын өлшеп, ресми түрде растады. Бұл — көпшілікке үлгі болатын рекорд, — деді Халықаралық рекордтар кітабының өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Одан бөлек, шара барысында ұлттық нақыштағы жәрмеңке ұйымдастырылып, келушілер қолөнер бұйымдарын тамашалап, сатып алуға мүмкіндік алды. Арнайы алаңдарда қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, тұрғындар мен қала қонақтары ерекше әсерге бөленді.
Кешкі концертте этникалық музыка шеберлері өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Фестивальге жиналған жұрттың қарасы қалың болып, мерекелік шара ұлттық рухты ұлықтаған ерекше кешке айналды.



