Риддер: ЖЭО-да күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Бүгін Риддер қаласының құрылғанына 240 жыл! Атаулы күнде аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов шаһарға жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында Риддердегі ЖЭО-да жүріп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.
Естеріңізде болса,ағымдағы жылдың 12 мамырынан бастап, Риддер жылу электр орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Бас мердігер «Қазцветметремонт» ЖШС. Жоба құны 2 млрд 625 млн 139 мың теңге.
–Кейінгі үш жылда ауқымды жұмыстар атқарылып, негізгі жабдықтардың тозу деңгейі 75%-дан 43%-ға дейін төмендеді. Барлығы жоспарға сай орындалып жатыр,-деді «Шығыс жылу» филиалының директоры Кирилл Голота.
Күрделі жөндеу №5 және №6 қазан агрегаттарына жүргізіледі. Бұдан бөлек, жылу желілері жаңғыртылмақ.
Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 3,274 шақырым болатын 12 учаске жөндеуден өтеді. Желілер 3132 тұтынушыны жылумен қамтамасыз етіп отыр.
Кейінгі бес жылда бұл учаскелерде 33 апаттық жағдай тіркелген. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 59,1 пайыздан 56,7 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Күрделі жөндеу жұмыстары 30 қыркүйекте аяқталмақ.



