Катонқарағай халықаралық фестивальге қалай дайындалып жатыр?

Бүгін «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне дайындық аясында өңірлік коммуникациялар алаңында брифинг өтті.
Брифинг барысында фестиваль қонақтары мен туристерін қабылдауға бағытталған дайындық жұмыстары туралы айтылды.
-Фестиваль кезінде келушілерге қызмет көрсету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 10 мейрамхана қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, 50 кәсіпкер сауда жүргізсе, 40 қолөнер шебері өз өнімдерін ұсынады. Азық-түлік пен дайын тағам сататын 70-тен астам фудкорт жұмыс істейді,-деді Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаев.
Қонақтарды орналастыру үшін 100-ге жуық кемпинг, 50-ден астам киіз үй дайындалған. Аудандағы 100 орналастыру нысанында 3306 орын бар. Бұдан бөлек, 800 тұрғын өз үйлерін жалға беруге әзір, бұл қосымша 9000-нан астам адамды қабылдауға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымдық дайындық та ерекше назарда. Аудандағы 4 жанармай құю станциясы үшін 10 күнге жететін жанармай қоры алдын ала дайындалып жатыр.
Айта кетейік, дайындық жұмыстары тек Катонқарағай ауданында ғана емес, көршілес ауылдар мен аудандарда да қарқынды жүргізіліп жатыр.



