Жаңалықтар

Баспана, дәрі-дәрмек, қарыз:Өскеменде қандай мәселелер көтерілді?

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді тыңдады. Қабылдауға келгендер баспана, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және кәсіпкерлер алдындағы қарызды өтеу мәселелерін қозғады.

Өскемен қаласының тұрғыны Елена Белова Абай даңғылындағы 1947 жылы салынған апатты тұрғын үйді жаңғырту жұмыстарының кешігуіне алаңдаушылық білдірді. Тұрғындардың қашан көшірілетіні және жаңа пәтерлердің қалай берілетіні туралы нақты ақпарат жоқ екенін айтты. Осыған байланысты облыс әкімі реновация жобасының алғашқы кезеңін жеделдетіп, келесі кезеңді қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырды.

Қабылдауға келген тағы бір тұрғын жүйелі склерозбен ауыратын баласын «Селлсепт» препаратымен қамтамасыз етуге көмек сұрады. Облыс әкімі жауапты басқармаларға қажетті ем-дом мүмкіндігін қарастырып, отбасының әлеуметтік жағдайын бағалап, мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіруді тапсырды.

Сондай-ақ «ALTAI CARGO» компаниясының өкілі Катонқарағайдағы қазандықтарға жеткізілген көмір үшін төленбеген 38 миллион теңгеден астам қарыз мәселесін көтерді. Сот шешімі шыққанына қарамастан, берешек әлі өтелмеген. Аймақ басшысы аудан әкімдігі мен жауапты басқармаға бұл мәселені қысқа мерзімде шешуді міндеттеді.

Облыс әкімінің қабылдауында көтерілген әрбір мәселе бақылауға алынып, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button