Өскемендегі ауа ластануының басты себебі неде?

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде өңірдегі экологиялық ахуал мен оны жақсарту жолдары талқыланды.
Мамандардың айтуынша, Өскемендегі ауаға таралатын зиянды шығарындылардың 56,7%-ы автокөліктерден келеді. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың үлесі – 34,4%, ал жеке үйлердегі пешпен жылытудан шығатын шығарындылар 8,9%-ды құрайды.
Соңғы бес жылда ірі кәсіпорындар қоршаған ортаға таралатын шығарындылар көлемін 8%-дан астамға қысқартқан. Қазір облыстағы ірі өндіріс орындарында 15 автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесі жұмыс істейді.
Жиында туристік аймақтардағы тазарту құрылыстары мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жетіспеушілігі де көтерілді. Қазіргі таңда Катонқарағай, Күршім, Самар және Марқакөл аудандарында мұндай полигондар жоқ.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев экологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін 15 жылға дейін, жылдық 3% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.



