Өскеменде халықаралық шахмат турнирі басталды

Кеше Oskemen Open 2026 халықаралық шахмат турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық шахмат жарыстарының бірі саналады.
Биылғы турнирге әлемнің 16 елінен екі жүзден астам кілең сайдың тасындай шахматшы жиналды.
Олардың қатарында 22 халықаралық гроссмейстер мен 29 халықаралық шебер бар.
Masters турнирінде 80 спортшы, ал Open санатында 121 қатысушы бақ сынап жатыр.
—Облыста осындай беделді халықаралық шахмат турнирін үшінші рет өткізу – біз үшін үлкен мәртебе. Осындай додалар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, әлемнің үздік шахматшыларынан тәжірибе жинақтап, үлкен жеңістерге нық қадам жасауына жол ашады, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Өңірде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде аймақта 1 628 спорт нысаны жұмыс істейді. 314 мыңға жуық адам, яғни облыс тұрғындарының 45 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысады.
Өңірде шахмат спорты да қарқынды дамуда. Қазіргі таңда бұл спорт түрімен 10 мыңға жуық адам айналысады.
Олармен 85 жаттықтырушы жұмыс жүргізіп жатыр.
Шығыс Қазақстан мақтаныштарының бірі – Алдияр Аңсат. Ол небәрі 17 жасында халықаралық гроссмейстер атағын алуға қажетті барлық нормативтерді орындады.
Спорттық жолында Қазақстандағы ең жас шахмат атақтарының иегері атанып, халықаралық гроссмейстер дәрежесіне қол жеткізуі оның көп жылғы еңбегі мен халықаралық аренадағы табысты өнерінің заңды нәтижесі болды.



