ШҚО-да ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылады

Ұлан ауданында бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан тұрғындарымен кездесуінде айтты.
Қазір ауданда жылу оқшаулағыш материалдар мен кірпіш шығаратын зауыттар салу, сондай-ақ мал шаруашылығы қалдықтарын өңдеу жобалары іске асырылуда.
Ал 2028–2030 жылдары инвестиция көлемі 325 млрд теңгеден асатын литий өндіру және өңдеу жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар полиметалл кендерін барлауға 9,4 млрд теңге инвестиция тартылмақ.
Қасым Қайсенов кентінің маңында құны 20,3 млрд теңге болатын көлік-логистикалық орталық салынбақ.
Облыс әкімінің айтуынша, бұл жобалар ауданның өнеркәсібін дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Нұрымбет Сақтағанов аудан әкімдігіне инвестициялық жобаларды уақытында іске асыруды және жаңа инвесторларды белсенді тартуды тапсырды.



