Ұланда 71 млрд теңгеге жуық ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді

Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімінің 21 пайызы Ұлан ауданына тиесілі. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында ауданда 71 млрд теңгеге жуық өнім өндіріліп, өсім 3,6 пайызды құрады.
Қазір ауданда 62 мың ірі қара, 102 мың қой мен ешкі және 46 мың жылқы бар. Сондай-ақ 9 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 14 мың тонна сүт өндірілген.
Ет өндірісінің көлемі де жоғары. Жеті айда Ұлан ауданында 52 мың тонна ет өндіріліп, бұл облыстағы жалпы ет өндірісінің шамамен 60 пайызын құрады.
Сонымен қатар ауданда 600 басқа арналған жаңа сүт-тауар фермасы салынып жатыр. Балық өсіру және өңдеу салалары да дамып келеді. Өскеменде биоөңдеу кәсіпорнының құрылысы жүргізілуде. Оның өндірісін келесі жылы іске қосу жоспарланған.
Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауданда жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын 56 жоба мақұлданды.
Облыс әкімі алдағы уақытта жайылымдарды тиімді пайдалану, қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысын күшейту және агроөнеркәсіп саласындағы 4 инвестициялық жобаны уақытында іске қосуды тапсырды.



