Өскеменде «TourEast ALTAI KZ» фестивалі өтеді
26 қыркүйекте Сол жағалау саябағында Туризм күніне орай «TourEast ALTAI KZ» фестивалі өтеді.
Фестиваль аясында танымдық, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылады.
09:00–11:30 — Іскерлік алаң
«Туризмді дамытудың заманауи тәсілдері» тақырыбында конференция өтеді. Мамандар туризм саласының өзекті мәселелері мен даму перспективаларын талқылайды.
10:00–15:00 — Туристік көрме
Өңірдің туроператорлары, демалыс базалары мен қонақүйлері өз ұсыныстарын таныстырады. Сонымен қатар отбасылық фотозона жұмыс істейді.
10:00–17:00 — Шеберлер қаласы
Қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді. Қонақтар ши өру, кесте тігу, ағаштан музыкалық аспап және былғарыдан бұйым жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады.
10:30–15:00 — Белсенді демалыс
Туристік жабдықтар жәрмеңкесі, кемпинг-лагерь, жергілікті жерде бағдарлау және жорыққа дайындық бойынша сабақтар ұйымдастырылады.
11:00–15:00 — «Жас турист»
Балалар мен отбасыларға арналған квест өтеді.
11:00–15:00 — Гастрономиялық аймақ
Жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі өтіп, келушілерге түрлі тағамдар мен сусындар ұсынылады.
11:30–15:00 — Басты сахна
Туризм саласының үздік өкілдерін марапаттау рәсімі өтеді.
12:00–15:00 — Үйлесім оазисі
Йога сабақтары, этномузыкамен би терапиясы, сондай-ақ Катонқарағайдың балынан жасалған тағамдар мен шөп шайларының дегустациясы ұйымдастырылады.



