Жаңалықтар

Ұлан ауданында аққу табылды

Ұлан ауданына қарасты Айыртау ауылында қыстап қалған аққу табылды. Киелі құсты ауыл тұрғыны Сұңғат Маулимгазинов байқап, бірден Айыртау ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Өтеулинге хабарлаған.

Оқиға орнына келген учаскелік инспектор аққудың жарақат алғанын анықтап, бұл туралы тиісті органдарға дер кезінде мәлімдеген. Аққудың ауыл маңынан табылған сәті әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада көрініс тапты.

Бейнежазбада аққудың жалғыз жүргені байқалады. Желі қолданушылары түрлі пікір білдіруде. Кейбірі құстың сыңарынан адасып қалғанын айтса, енді бірі ауырып қалуы мүмкін немесе қыстың жылы болуына байланысты көшпей қалған деген болжамдарын жазуда.

Аққу — қазақ халқы үшін киелі құс. Халық нанымында оған зиян келтіру жаман ырым саналады. Сондықтан тұрғындар аққудың тағдырына алаңдап, оның қауіпсіздігі мен жағдайын бақылауға алу қажет екенін айтуда.

Ұлан ауданында қыстап қалған аққуды қақаған аязда жергілікті тұрғындар құтқарып қалды. Қазір қиелі құстың жағдайы жақсы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button