Дәрігерлік амбулатория мен гематология орталығының құрылысы тексерілді — Өскемен

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова шаһардағы жаңа дәрігерлік амбулатория мен гематология орталығының құрылыс барысын тексерді.
Ахмер шағын ауданындағы Жаңажол көшесінде, мектеп маңында орналасқан жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын. Бірқабатты медициналық нысан бір ауысымда 25 адамды қабылдауға есептелген. Сапар барысында болашақта осы мекемеде қызмет атқаратын медицина қызметкерлерімен кездесу өтіп, еңбек жағдайлары, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі және алдағы жұмыс жоспарлары талқыланды.
Сондай-ақ өңірдегі ең ірі әрі жоғары технологиялы медициналық нысандардың бірі — гематология орталығының құрылыс алаңы қаралды. Кешен құрамына негізгі емдеу ғимараты, науқастар мен оларды алып жүретін азаматтарға арналған пансионат, техникалық блок кіреді. Жобаның жалпы құны 83 млрд теңгені құрайды.
Қазір гематология орталығының құрылыс дайындығы 95 %-ға жетті. Барлық ғимараттар толық бой көтерген. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу, инженерлік желілерді орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 360-қа жуық адам мен 10-ға тарта арнайы техника еңбек етуде.



