Жаңалықтар

Өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді — Үлкен Нарын

6 қаңтарда Үлкен Нарын ауданының Алтынбел ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру пунктінің ашылуы өтті.

Аталған нысан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Салтанатты шараға ҚР ТЖД министрі Шыңғыс Аринов және ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, тұрғындарды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.

— Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Себебі, ауылда қауіпсіздік нығайады. Бұл бекет тікелей тұрғындардың қолдауымен салынды. Қазір бұл тәжірибе жалғасып келеді. 2025 жылы “Ауыл құтқарушылары” деген бағдарламаны жариялағанбыз. Елімізде дәл осындай 150 бекет салынды, — деді Шыңғыс Аринов.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар азамат «Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен және ТЖМ Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

— Құрметті ауыл тұрғындары, өрт сөндіру қызметкерлері сіздерді өрт сөндіру бекетінің ашылуымен құттықтаймын! Былтыр облыста 5 бекет ашылса, алдағы уақытта 39 бекетті ашу жоспарда бар. Бұл біздің басты бағытымыз, — деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Сондай-ақ салтанатты жиын барысында Үлкен Нарын ауданының ТЖД бастығы, Дәурен Абылқайровқа өртке қарсы арнайы техниканың кілті табысталды. Жаңа өрт сөндіру нысаны заманауи техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button