Өскеменде жанашыр ер азаматтың жазбасы халықты елжіретті

Өскемендік тұрғын Алижан Игланбековтың TikTok-та жариялаған видеосы желі қолданушыларының жүрегін жаулап жатыр.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адам:
«Егер сіз жалғызбасты ана болсаңыз және перзентханадан сәбиіңізбен күтіп алатын ешкім болмаса, маған жазыңыз. Мен келіп, үйіңізге жеткізіп саламын»,-деп нәзікжандыларға үндеу жасаған.
Біз Өскеменнің жанашыр тұрғынымен тікелей хабарласуды жөн көрдік. Ол өз идеясының қалай туғанын осылай түсіндірді:
— Жақында өзім осыған ұқсас бір пост көрдім. Комментарийлерін оқысам, расымен де мұндай жағдайдағы жалғызбасты аналар көп екен. Мен де бұл мәселеге бейжай қарай алмадым, сол себепті пост салуды жөн көрдім, — деді ол.
Алижанның айтуынша, әзірге мұндай жағдай кездеспеген. Дегенмен, шынымен көмекке мұқтаж жандар хабарласса, шын жүректен көмектесуге дайын екендігін жеткізді:
— Бұл мен үшін шағын әрекет, бірақ кейбір аналар үшін үлкен көмек болуы мүмкін. Егер маған қоңырау шалса, міндетті түрде көмектесуге дайынмын, – деді ол.
Айта кетейік, постты көрген TikTok қолданушылары оның жылы ниетіне, таза пейіліне алғыстарын білдіріп, қуаныштарын жеткізді. Көпшілік шынайы жүректен шыққан әрекетке ризашылықтарын білдіріп, позитивті пікірлер жазып жатыр.
Видеоның сілтемесі:https://vm.tiktok.com/ZMDhUtPfs/



