Жаңалықтар

Қазақстанда балабақша кезегі қысқарды

2025 жылы елімізде 2–6 жас аралығындағы балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен біліммен қамту деңгейі 95,9 пайызға жетті.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, соңғы алты жылда еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың саны 8,6 пайызға артқан. Яғни, балабақшалар саны 10 650-ден 12 мыңға дейін көбейіп, бүгінде оларда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп, білім алуда.

Оқу-ағарту министрінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде 2023–2027 жылдарға арналған балабақша орындарын кезең-кезеңімен енгізу жоспары жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Аталған бағдарлама аясында 300 мың жаңа орын ашу көзделген. Қазіргі таңда соның 182 мыңы пайдалануға берілген.

Нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда балабақша кезегі үштен біріне қысқарып, ал 2–6 жас аралығындағы балаларына орын күтіп жүрген ата-аналар саны екі есеге азайған.

Министрлік өкілдері сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысымен барлық мемлекеттік балабақшалар және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың 94 пайызы қамтылғанын мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер мектепке дейінгі білім беру саласында жүйелі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын және ата-аналар үшін балабақша қолжетімділігінің едәуір артқанын көрсетеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button