Жаңалықтар

Мұз бетіндегі қауіпсіздік: нені білу керек?

Қыс мезгілінде су айдындарының беті мұзбен жабылады. Алайда мұздың беріктігі әрдайым бірдей болмайды, сондықтан сақтық шараларын қатаң сақтау маңызды. Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті мұз үстінде жүру кезінде қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударуға шақырады.  

Мамандардың мәліметінше, адам үшін қауіпсіз деп саналатын мұздың қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы тиіс. Қалыңдығы бұдан аз мұз адам салмағын көтермеуі мүмкін.  

Сондай-ақ түнгі уақытта, тұман кезінде немесе көру мүмкіндігі шектелген жағдайда мұз үстіне шығуға қатаң тыйым салынады. Мұндай кезде мұздың қауіпті учаскелерін байқау қиынға соғады.  

Егер мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден аз болса, су айдынына шығу кезінде міндетті түрде құтқару кеудешесі мен ысқырық болуы керек. Сонымен қатар мұз астына түсіп кеткен адамға көмек көрсету үшін ұзындығы кемінде 2 метр таяқ немесе 12 метр арқан дайындау қажет.  

Төтенше жағдайға тап болған жағдайда мұздан өз бетімен шығуға көмектесетін арнайы құрал –қармауышты алып жүру ұсынылады. Бұл құрал мұз бетіне ілініп, судан шығуға мүмкіндік береді.  

Облысың Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды мұз үстінде барынша сақ болуға, белгіленбеген жерлерге шықпауға және қауіпсіздік талаптарын ескеруге шақырады. Қарапайым ережелерді естен шығармау адам өмірін сақтауға көмектеседі. 

Сонымен қатар инспекторлар қар құрсауында қалып қойған балықшыларға көмек көрсетіп, қауіпсіз жерге шығуына жәрдемдесті.  

Алайда қолайсыз ауа райы мен қалың қардың түсуіне байланысты Шүлбі су қоймасының кейбір учаскелерін тексеру мүмкін болмаған. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button