ШҚО-да бір айда 638 адам жарақат алған
1 желтоқсаннан бастап медициналық мекемелерге барлығы 1030 адам түрлі себеппен жүгінген. Соның ішінде 638 тұрғын көшеде тайып құлау салдарынан мекемелерге жүгінген. Бұл көрсеткіш қыс мезгіліндегі сақтық шараларының қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Қыс – әсемдігімен қатар, қауіп-қатері де мол мезгіл. Әсіресе таңғы және кешкі уақытта мұз қатқан жолдар мен тазаланбаған тротуарлар тұрғындар үшін үлкен қауіп тудырады. Бір сәттік бейқамдық ауыр жарақатқа, ұзақ емделуге, тіпті еңбекке жарамсыздыққа әкелуі мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша, көктайғақ кезінде көбіне қол-аяқ сынуы, байламдардың созылуы мен бас жарақаттары жиі кездеседі. Бұл жағдайлар азаматтардың күнделікті өміріне ғана емес, денсаулығына да елеулі салмақ түсіреді.
Осы орайда тұрғындарды қыс мезгілінде барынша сақ болуға шақырамыз. Таймайтын аяқ киім кию, жолда асықпау, мұзды жерлерде абайлап жүру – қарапайым болғанымен, аса маңызды сақтық шаралары. Ал тиісті қызметтерге жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын дер кезінде тазалау және құм-тұз қоспасын себу жауапкершілігі жүктеледі.



