№46 мектеп директоры желі жұлдызына айналды — Өскемен

Өскемен қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 15 жылдық мерейтойына орай ұстаздар арасында спартакиада ұйымдастырылды. Дәстүрлі спорттық шара педагогтер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және кәсіби қауымдастықтың бірлігін арттыруға бағытталды.
Аталған спартакиада барысында ерекше қолдауымен көзге түскен №46 орта мектептің директоры Гүлфарида Ауғанбаева әлеуметтік желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленіп, желі жұлдызына айналды. Ол жарысқа қатысқан өз мектебінің мұғалімдерін шын жүректен қолдап, команданың жанынан табылып отырды.
Директордың қарапайымдылығы мен белсенділігі көпшіліктің көңілінен шығып, желіде кеңінен таралды. Оқырмандар мен көрермендер оның бұл әрекетіне жоғары баға беріп, пікір қалдырды. «Мынадай қолдаудан кейін қалай жеңіске жетпейсің», «Нағыз басшы осындай болуы керек», «Ең күшті әрі ең мейірімді директор» деген сынды жылы лебіздер жазылды.
Айта кетейік, мұндай шаралар ұстаздар арасындағы ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, білім беру ұйымдарындағы көшбасшылықтың, ұжымдық рухтың және адамгершілік құндылықтардың маңызын айқын көрсетеді.



