Жаңалықтар

ШҚО-да қар, боран және қатты жел күтіледі

«Қазгидромет» ШҚ филиалының мәліметінше, 8 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде қар жауып, бұрқасын болады.

Облыстың соллтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында тұман күтіледі. Жел батыстан және солтүстік-батыстан соғып, күндіз облыстың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Түнде және таңертең Өскеменде қар жауып, бұрқасын күтіледі.

Төтенше жағдайлар департаменті мұндай қолайсыз ауа райы жағдайында ұзақ сапарлардан бастартуға кеңес берді. Егер жолға шығу міндетті болса, сапарыңызды мұқият жоспарлап, жақсы дайындалыңыз. Өзіңізбен бірге күрек, әйнекті тазалауға арналған қырғыш, отын қоры, шам, жылы киім, телефон, қуаттағыш (PowerBank), қол шамы, азық-түлік, ыстық шай құйылған термос және жарық беретін матаны алыңыз.

Жолға шықпас бұрын, жол жағдайын нақтылап алу үшін «Дәрмен» тегін ұялы қосымшасын пайдаланып, қажетті ақпаратты ала аласыз.

Жүргізушілерге жолда жылдамдықты азайтып, арақашықтықты сақтау және дауылды ескертуді назарға алу ұсынылады. Жаяу жүргіншілер де қауіпсіздікті қатаң сақтап, жарақат алу қаупін азайту үшін сақтық шараларын қолдануы керек.

Сонымен қатар, қатты желден үйдің қабырғаларына жақын жерде тұрмау керек. Себебі шатыр материалдары ұшып, қауіп тудыруы мүмкін. Қоғамдық көлік аялдамаларының артында, жарнама тақталарының, ағаштардың астында, электр желілерінің жанында тұруға болмайды.
Егер төтенше жағдайлар орын алса, дереу 112 телефонына хабарласыңыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button