Өскемендік ата-аналарға қауіпті SMS келіп жатыр

Соңғы кездері елімізде алаяқтардың 1414-тен смс жіберу фактісі жиіліп кетті. Бұл сөзімізге, өскемендік ата-аналардың арыз-шағымы дәлел. Айтуларынша, бірнеше күн бұрын баланың аты-жөні мен тіркелген балабақшасы көрсетілген күдікті хабарлама келген.
Баласы жайлы бүкіл дерек көрсетілген хабарламаға кез келген ата-ана сеніп қалуы мүмкін. Абырой болғанда балабақшадағы мамандар ата-аналарға дер кезінде ескертіп үлгерген. Осы орайда ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасына хабарластық.
-
Облыс бойынша бұл схеманың құрбандары анықталған жоқ. Бірақ хабарламаға зер салатын болсақ, грамматикалық қателердің өте көп екенін байқауға болады. Сол себепті облыс тұрғындарына келген хабарламаның құрылымына, қателеріне мән беруді ескертеміз. Cондай-ақ, 1414-тен келген хабарламаларға нөмір жазылмайды. Сондықтан күдікті нөмірлер мен сілтемелерге өтпеуге кеңес береміз, — дейді ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрай Арыстанбек.
Алаяқтар адамдарды алдау үшін түрлі әккі әрекеттерді меңгерген. Сол себепті белгісіз сілтемелерге өтпеңіз, спам-хабарламаларды ашпаңыз. SMS-кодтарды бермеңіз. Әйтпесе көзді ашып-жұмғанша жылдар бойы тірнектеп жинаған қаржыңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін.



