Риддердің 99,9 пайызы интернетпен қамтылған

Риддер қаласына қарасты барлық елді мекенді интернетпен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала тұрғындарымен кездесуде айтты.
Қазір қаладағы 11 елді мекеннің 10-ында интернет бар. Соның арқасында тұрғындардың 99,9 пайызы интернет желісін пайдалана алады.
Интернет әлі жетпеген жалғыз елді мекен – Ливино ауылы. Мұнда шамамен 70 адам тұрады. Ауылға интернетті «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар спутниктік интернет орнату мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Бұдан бөлек, Риддерде ұялы байланыстың сапасын жақсарту жұмыстары жүргізіледі. Бутаково ауылы маңындағы республикалық маңызы бар автожол бойына байланыс операторларының жабдықтарын орналастыратын антенна салу жоспарланып отыр.
Осы жұмыстар жүзеге асса, Риддерге қарасты елді мекендерде интернет пен ұялы байланыстың сапасы жақсара түспек.



