Өскеменде Музей түні қалай тойланды?

Өскеменде кеше Музей түні ерекше атмосферада тойланды. Қала тұрғындары мен өнер сүйер қауым шаһардағы музейлерге жиналып, мәдени кештің куәсі болды.
Өнер музейінде түрлі шеберлік сағаттары, роботтар көрмесі, қолөнер бұйымдарының көрмесі мен жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Сонымен қатар концерттік бағдарлама, ән мен би кеш қонақтарының көңіл-күйін одан әрі көтере түсті.
— Шараның басты мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жас пен кәрінің басын бір алаңда қосу. Сонымен қатар заманауи жасанды интеллект технологиялары мен өнер, мәдениетті ұштастырып, көрерменге жаңа форматтағы ерекше атмосфера ұсынуды көздедік, — деді ұйымдастырушылар.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде де келушілер қарасы қалың болды. Айтулы кешке шетелден келген он шақты қонақ қатысты. Мұнда да түрлі танымдық әрі қызықты көрмелер көпшілік назарына ұсынылды.
— Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Қазақ халқының өте қонақжай екенін түсіндім. Маған бәрі қатты ұнап жатыр. Жаңа елдің тарихын тереңірек танып, біліп жатқаныма қуаныштымын. Табиғаты да ерекше екен, — деді АҚШ-тан келген студент Лидия.
Айта кетейік, кеш соңында екі музейде де мереке көңілді дискотекамен жалғасты.



