Артемьев шахтасындағы апат: әкім қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шемонаиха ауданындағы Артемьев шахтасында қызметкердің қаза болуына байланысты «Востокцветмет» және KAZ Minerals тобының басшыларымен кездесті.
Аймақ басшысы марқұмның жақындарына көңіл айтып, оқиғаны жан-жақты әрі ашық тексерудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ кәсіпорын мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін жеткізді.
—Өндірістегі еңбек қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуы тиіс. Осыған байланысты компания басшылығына қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және мұндай жағдайлардың алдын алу үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын,-деді облыс әкімі.
Кездесу қорытындысында облыс әкімінің орынбасарына өндірістік нысандардағы қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар әзірлеп, салалық министрлікке жолдау тапсырылды.



