Катонқарағай әкімі: «Фестивальге жанармайды толтырып келген жөн»

Халықаралық фестиваль қарсаңында Катонқарағай ауданында жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше бақылауға алынған.
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаев аудандағы 4 жанармай құю станциясында 10 күнге жететін жанармай қоры алдын ала дайындалып жатқанын айтты.
Сонымен қатар, аудан әкімі қазақстандықтар мен фестивальге келуді жоспарлаған азаматтарға жолға шығар алдында жанармайды жеткілікті мөлшерде құйып алуға кеңес берді.
– Фестиваль кезінде Катонқарағайға келетін туристер саны айтарлықтай артады. Тұрақты халқы шамамен 10 мың адам болатын ауданға 40 мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Осыған байланысты жанармай құю бекеттерінде уақытша кезек болуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар мен қонақтар жолға шығар алдында жанармайды толтырып алғаны дұрыс, – деді Данияр Дүйсембаев.



