ШҚО-да 37 градус аптап ыстық болады

Облыста ертең ауа райы қатты ыстық болады. Күндіз өңірдің кей жерлерінде ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі.
Сонымен қатар облыстың батысында жаңбыр жауып, бұршақ түсуі және найзағай болуы ықтимал.
Ыстық ауа райымен бірге өңірдің бірқатар аумағында өрт қаупі де жоғары деңгейде сақталады. Облыстың батысында, оңтүстік-шығысында және орталығында жоғары өрт қаупі болса, оңтүстікте төтенше өрт қаупі жарияланған.
Төтенше жағдайлар департаменті мамандары тұрғындарды аптап ыстықта барынша сақ болуға шақырады. Мамандардың айтуынша, күннің ең ыстық уақытында, яғни сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін, далада ұзақ жүрмеген дұрыс. Ашық ауадағы ауыр физикалық жұмыстарды шектеп, көлеңкеде немесе салқын жерде болған жөн. Сыртқа шыққанда бас киім киіп, су ішуді ұмытпаған абзал.
Демалыс кезінде де қауіпсіздік ережесін сақтаңыз. Суға тек арнайы жабдықталған жағажайларда және рұқсат етілген орындарда түскен дұрыс. Балаларды су жағасында қараусыз қалдырмау қажет.
Аптап ыстықта сақтық шараларын сақтау — денсаулық пен қауіпсіздіктің басты кепілі.



