Жаңалықтар

Күршім ауданының 97,3%-ы интернетпен қамтылған

Күршім ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл ауданда көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтарға арналған 15 бірқабатты үй, яғни 30 пәтер салу жоспарланған. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғын үй құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, алдағы уақытта оның көлемін арттыруды тапсырды.

Ауданда интернетпен қамту деңгейі де жоғары. Қазір 21 елді мекеннің 19-ында интернет бар. Бұл аудан халқының 97,3 пайызын қамтиды. Топтерек ауылына келесі жылы талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізу жоспарланып отыр.

Білім беру саласында да жаңа нысандар бой көтеруде. Күршім ауылында 140 орындық жекеменшік балабақша ашылды. Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық оқу-әкімшілік орталығының құрылысы жалғасып жатыр.

Денсаулық сақтау саласында аудандық аурухананың инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қазір екі лифт пен жеке ғимаратқа күрделі жөндеу жасалып жатыр. Нұрымбет Сақтағанов медициналық кадрларды тарту және ауруханадағы жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.

Ауданда мәдениет пен спортқа да көңіл бөлінуде. Қазір 27 мәдениет және 102 спорт нысаны жұмыс істейді. Құйған ауылында бюджеттен тыс қаражат есебінен жаңа клуб салынып жатыр. Сонымен қатар Күршім ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда.

Жалпы, ауданда тұрғын үй, интернет, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button