Зайсан әуежайы қашан іске қосылады?

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Зайсан ауданына барып, бірқатар маңызды нысандарды аралады. Аймақ басшысы Сәтбай ауылында салынып жатқан әуежайдың құрылыс барысымен танысты.
Әуежай өңірдің туризмін дамыту мақсатында салынып жатыр. Облыс әкімі болашақ инфрақұрылымның негізгі элементтерімен танысты. Нақтырақ айтқанда, ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолағы, жалпы аумағы 4 мың шаршы метр аэровокзал ғимараты және басқа да қажетті нысандар көрсетілді.
— Бүгінде құрылыстың 60-65 пайызы аяқталды. Қажетті құрал-жабдықтардың 80 пайызы жеткізілді. Қалған жабдықтар көп ұзамай әкелінеді. Егер бәрі жоспарға сай болса нысанды биыл маусым айында іске қосамыз, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Жоба іске қосылған соң Зайсаннан Қытайдың Үрімші қаласына және Алтай аймағына халықаралық әуе рейстерін, сондай-ақ Астана, Алматы және Өскемен қалаларына ішкі әуе қатынастарын ашу жоспарланып отыр. Әуежай өңірлік әуе кемелерін қабылдай алады.



