Басты жаңалықЖаңалықтар

Өрт сөндіру бөлімі қашан жаңартылады? — Тарбағатай

Тарбағатай ауданына жұмыс сапары барысында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ақжар ауылындағы №15 өрт сөндіру бөлімінің жағдайымен және елді мекеннің жылу желілерін қайта жаңғыртуға қатысты жоспарланған жобамен танысты.

Ақжар ауылындағы №15 өрт сөндіру бөлімі 1985 жылы салынған бейімделген ғимаратта орналасқан. Нысан типтік жобаға жатпайды, ғимараттың шатырында ақаулар бар. Сонымен қатар өрт сөндіру автокөліктерінің бір бөлігі ашық алаңда сақталуға мәжбүр. Аймақ басшысы бөлімнің материалдық-техникалық жағдайын көзбен көріп, алдағы уақытта нақты шешімдер қабылдау үшін жауапты сала өкілдерімен бірге мәселені жан-жақты зерделеді.

Сапар барысында облыс басшысына Ақжар ауылындағы жылу желілерін реконструкциялау жобасы да таныстырылды. Аталған жобаны іске асыру 2027 жылға жоспарланған. Жобаның қуаты – 9,498 МВт. Нәтижесінде 25 бюджеттік мекеме мен 18 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтылатын болады. Жобаны жүзеге асыру тұрғын үйлердің жылумен қамтылу сапасын арттырып, қолданыстағы инженерлік жүйелерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда тұрғындардың өмір сапасы мен шұғыл қызметтердің жұмыс жағдайына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

– Елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту барысында халықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасы қатар ескерілуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жұмыс сапары қорытындысы бойынша жауапты басқармаларға бірқатар тапсырмалар берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button