Басты жаңалықЖаңалықтарСұхбат

16 жасында мектеп ашқан өскемендік ару: Анель Уатханованың табыс тарихы

Өскемен қаласының тумасы, небәрі 22 жастағы жас кәсіпкер Анель Уатханова — ағылшын тілін үйрету саласында 7 жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Бүгінде оның тіл мектебінің 3 филиалы жұмыс істейді. Мыңдаған оқушыға білім беріп, шетелде оқу мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жүрген Анельмен сұхбаттасқан едік.

— Өзіңіз жайлы аз кем айта өтсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз?

— Жасым 22-де. Өскемен қаласының тумасымын. Тіл меңгерумен 15 жылдан бері айналысып келемін, ал осы салада кәсіби түрде еңбек етіп жүргеніме 7 жыл болды. Қазіргі таңда қала бойынша 3 филиалымыз бар. Біз 4 жастан бастап 75 жасқа дейінгі адамдарға ағылшын тілін үйретіп, олардың өміріне жаңа мүмкіндіктердің есігін ашып келеміз.

— 15 жасыңызда онлайн, 16 жасыңызда оффлайн мектебіңізді аштыңыз. Қиындықтар болды ма?

— Әрине, алғашқы кезеңде қобалжу болды. Дегенмен ішкі арманым мен біліміме деген сенім мықты болғандықтан, аса ауыр қабылдаған жоқпын. Кәсіп болған соң қиындықсыз болмайды, бірақ сол қиындықтардың өзі бұл жолды қызықты етеді.

— Қазір қанша тіл білесіз?
— Жалпы 5 тіл білемін деп айта аламын. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Қытай және түрік тілдерін меңгергенмін. Қазір қосымша француз тілін үйреніп жүрмін.

— Курсыңызға келетін оқушылардың басты мақсаты қандай?

— Негізгі сұраныс білім саласында. Оқушыларымыздың шамамен 60 пайызы шетелге оқуға түсу, жалпы академиялық білім алу мақсатында келеді. Академиялық ұтқырлық бағдарламаларына да дайындаймыз. Көпшілігі грантқа түсіп, шетелде білім алып жүр. Ал 25 жастан асқан адамдар көбіне өзін дамыту немесе кәсібіне қажет болғандықтан үйренеді. Саяхаттау үшін меңгеретіндер де бар. Осы уақытқа дейін 5000-нан астам оқушы оқыттық. Сабақтар онлайн және оффлайн форматта ай сайын өтеді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көршілес елдерден де қатысушылар бар.

— Сіздің курсты өзгелерден ерекшелендіретін әдісіңіз бар ма?

— Бізде оқу гибридті форматта өтеді. Теория мен практиканы қатар алып жүреміз. Сөздік қорды дамытып, грамматиканы бекіткен соң, түрлі практикалық тапсырмалар орындаймыз.
Айтылым, тыңдалым, жазылым дағдыларына 80 пайыз фокус қоямыз. Оқушы меңгерген білімін өмірде еркін қолдана алуы керек. Сонымен қатар интерактивті тәсілдеріміз бар — тапсырмаларды ойын және визуал форматта ұсынамыз. Арнайы платформамыз және тәжірибелі практик мамандарымыз жұмыс істейді.

— Кәсіпкерлік жолыңызда ешкім білмейтін, бірақ сіз үшін қиын кезең болды ма?

— Иә, болды. 16 жаста кәсіп бастаған соң түрлі пікірлер мен стереотиптерге тап болдым. «Алдымен оқуыңды оқы», «кәсіп саған ерте» деген сөздер жиі айтылды. Бірақ арманым мен мақсатым айқын болғандықтан, тәуекел еттім.
Кәсіп бастау үшін көп инвестиция керек деп ойлайтынмын. Алайда уақыт өте келе түсінгенім — Алла кәсіп бастау идеясын қалтадағы ақшаға емес, жүректегі сенімге қарай береді екен. Ешқандай инвесторсыз, тек әрекет пен ішкі сенімнің арқасында бастадым. Сол кезде жақындарымның қолдамауы да маған үлкен мотивация болды.

— Неліктен дәл ағылшын тілін таңдадыңыз?

— Бұл тілді нарықта жан-жақты зерттедім. 16 жасымда «өмірден не аламын?» емес, «қоғамға не бере аламын?» деген сұраққа жауап іздей бастадым.
Кішкентай кезімізден анам білімге үлкен мән берді, барлық жетістігімді анамның еңбегі деп білемін. Марғұлан ағамыздың подкасттары мен кітаптары өмірлік миссиямды анықтауыма көп әсер етті.
6 жыл НИШ-та оқығандықтан, тілдерге деген қызығушылығым ерте оянды. Ағылшын тіліне қабілетім мен сүйіспеншілігім ерекше болған соң, осы бағытты таңдадым.

— 5 жылдан кейінгі өзіңізге қандай кеңес берер едіңіз?

— Аз-аздан, бірақ үздіксіз жасалған әрекетті тоқтатпа дер едім. Қиындықтан қорықпай, қарсы тұру керек. Білімді үнемі жетілдіріп, армандарға ешқашан шектеу қоймай, тек алға ұмтылу қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button