Өскеменде 5мың орындық стадион салынады

Өскемен қаласында 5 мың орындық жабық футбол стадионы салынады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен футболды дамытуға арналған жиында айтылды. Жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Өткен жылы «Алтай Өскемен» футбол клубы 13 жылдық үзілістен кейін Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралды. Қазір «Восток» стадионында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал алдағы уақытта футболшылар жаңа стадионға көшеді.
Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ерназ Мұқатаевтың айтуынша, жабық футбол стадионы 22-ші тұрғын ауданда салынады. Нысан 5 мың көрерменге арналған. Оның ішінде воркаут және балалар ойын алаңдары болады. Сонымен қатар, стадион маңында 370 орындық автотұрақ қарастырылады.
–Өңірімізді футбол қарқынды дамып келеді. Сондықтан облыстағы кәсіпорындар мен жеке кәсіп иелерін «Алтай Өскемен» футбол клубын қаржылай қолдауға шақырамын,-деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Жаңа стадионды екі жылда салып бітіру жоспарланды.



