Өскеменде жас ақындар айтысы өтті

14 наурыз күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Желтоқсанның өшпес үні» атты облыстық жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. Шара Желтоқсан көтерілісінің 40 жылдығы мен Шығыстың қаһарман қызы Сәбира Мұхамеджанованы еске алуға арналды.
Айтыс «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігі, кітапхана ұжымы және облыстық «Ақтан Нұрбаев атындағы ақындар мектебінің» бірлесуімен өтті. Рухани кешке 1986 жылғы тарихи оқиғаның куәгерлері, желтоқсаншылар, сондай-ақ Сәбираның замандастары мен құрбылары қатысып, жастарға ақ тілектерін жеткізді.
Сөз сайысына Өскемен, Тарбағатай, Зайсан және Риддер өңірлерінен келген 10 жас ақын қатысты. Қатысушылар ел тарихы, тәуелсіздік, туған жер және ұлттық рух тақырыптарында жыр толғап, өзара бақ сынасты.
Қазылар алқасының құрамында ақын-журналист Серік Құсанбаев, «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов және айтыскер ақын Серік Қуанған болды. Олар жас ақындардың суырыпсалмалық қабілетін, сөз саптау шеберлігін және ұлттық рухты жеткізу деңгейін бағалады.
Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Зайсан ауданынан келген Айғаным Балғабаева жеңіп алды. І орынды Аймерей Асылбекқызы иеленсе, ІІ орын Ермеков Әли мен Мұратханұлы Мұхтарға бұйырды. Ал ІІІ орын Ержан Жания мен Оралбек Бауыржанға берілді.
Шараның басты мақсаты – Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын жас ұрпаққа түсіндіру, Сәбира Мұхамеджанованың ерлігін дәріптеу және жас ақындардың өнерін қолдау болды. Айтыс барысында жас дарындар жалынды жырларымен көрерменнің ықыласына бөленіп, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.



