Риддердегі жаңа мектептің құрылысы қашан аяқталады?

Биыл өңірде білім саласында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асады. Облыста жеті мектеп пен төрт балабақша салу жоспарланған. Сонымен қатар, 42 білім беру нысаны жөнделіп, 35 пәндік кабинет заманауи құрал-жабдықтармен қамтылады.
Риддерде 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл білім ордасы “Казцинк” компаниясының демеушілігімен салынып жатыр. Құрылыс қарқыны жақсы, сондықтан оқушылар жаңа мектепке 1 қыркүйекте бара алады.
Сондай-ақ, арнайы келісімшарттар аясында әрқайсысы 550 орындық алты мектептің құрылысы жүргізілуде. Олар Марқакөл, Зайсан, Самар және Күршім аудандарында бой көтеруде.
Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1000 орындық төрт балабақша салынуда.
—Биылғы жылы 42 білім беру нысаны күрделі және ағымдағы жөндеумен қамтылады: 25 мектеп, 10 балабақша, 4 колледж, 2 Балалар үйі және бір қосымша білім беру нысаны, — деді облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов.
Сонымен қатар, химия, физика, биология, STEM және робототехника бағытындағы 35 пәндік кабинет жаңа жабдықтармен жабдықталады.
Жаңа кабинеттер Өскемендегі №3 және №9 мектептерде, Риддердегі №14 мектепте және Зайсандағы Абай атындағы мектепте ашылады. Сонымен қатар, Глубокое ауданындағы мектептерде STEM кабинеттері жабдықталады.



