ШҚО-да мемлекеттік қызметшілер марапатталды

Бүгін Мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыстық филармонияда салтанатты кеш өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
–Мемлекеттік қызмет – жай ғана жұмыс емес. Бұл – халық сеніміне деген шексіз адалдыққа негізделген ерекше миссия.Өз істеріңізді жауапкершілікпен атқарып, халқымыздың алғысына бөлене беріңіздер! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірдің мемлекеттік қызмет жүйесінде 3,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Шара барысында үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталды. Атап айтқанда, «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Сейсенғазы Чукаевқа,облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Ғафура Мағауяноваға, Риддер қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы лауазымын атқарған, қазіргі уақытта зейнеткер Айсұлу Рамазановаға, Алтай ауданы Никольск ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ольга Исабаеваға,облыс мәслихаты аппарат басшысының орынбасары Ләйлә Құсаиноваға,өңірлік тексеру комиссиясының бас инспекторы Кенже Мажироваға, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Раушан Аспенбетоваға берілді. Ал бірнеше мемлекеттік қызметшіге ШҚО әкімінің «Құрмет» грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер арасында өткен спартакиада қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Облыстық басқармалар мен департаменттер арасында облыс бойынша қазынашылық департаменті, қала, аудандар бойынша Өскемен қаласы жеңімпаз атанды. Ары қарай шара мерекелік концертке ұласты.



