Жаңалықтар

Халықаралық фестивальге қызу дайындық жүріп жатыр

10-12 шілде аралығында Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі өтеді. Соған байланысты өңір әкімдігіндегі жиналыс барысында шараға дайындық жайы талқыланды.

—Бүгінгі таңда фестивальдің ұйымдастырушылық шешімдері нақтыланды. Фестиваль бағдарламасында халықаралық деңгейдегі мәдени және рухани шаралар қарастырылған. 10 шілде күні Берел ауылының Патшалар жазығында Алтайдың ақиық ақыны Ақтан Нұрбаевқа арналған ас беріліп, Құран-қатым түсіріледі, — деді облыстың Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.

Одан соң облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдарының концерті және еліміздің жетекші ақындарының қатысуымен «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия фестивалі өтеді.

11 шілде күні «Altay Fest 2026» фестивалі қақпасының маңында этноауыл ұйымдастырылады.

Сонымен қатар осы күні Қазақстанның танымал 12 ақынының қатысуымен «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы өтеді.  Айтыстың бас жүлдесі — жеңіл автокөлік.

Кешке қарай сағат 19:00-де сахна төріне Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Башқұртстан, Тыва Республикасы және Моңғолиядан келген өнерпаздар шығады. Кештің басты хедлайнері – Димаш Құдайберген болмақ.

—Қонақтар мен туристерді лайықты күтіп алып, фестивальді жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек. 9-12 шілде аралығында Өскемен мен Катонқарағай ауданы аралығында қоғамдық көлік қатынасы ұйымдастырылсын. Әрқайсыларыңыз нәтижеге бағытталған нақты жұмысты үйлестірулеріңіз қажет, — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button