iCaravan-ды жүктеп ал да, ауылға саяхатта!

Өңірде ауыл туризмі қарқынды дамып келеді. Бұған туристер мен ауыл тұрғындарын байланыстыратын iCaravan платформасы ықпал етіп отыр.
Қазір жобаға облыстан 30 отбасы қатысады. Олар бір уақытта 250-ден астам қонақты қабылдай алады. Туристер қонақүйге емес, жергілікті тұрғындардың үйіне орналасып, қазақтың қонақжайлығын, ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрін және ауыл өмірінің ерекшеліктерін жақыннан көреді.
Жоба аясында Катонқарағай ауданының туристік әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Бұл бастама ауыл тұрғындарына қосымша табыс табуға мүмкіндік берсе, саяхатшыларға табиғаты көркем, мәдениеті бай өңірді жаңа қырынан тануға жол ашады.
Жоба авторы Талғат Әлидің айтуынша, iCaravan арқылы Қазақстанның мыңдаған ауылын және олардың бірегей табиғи-мәдени мұрасын таныстыруға болады.
Егер үйіңізде қонақ қабылдауға жағдай болса, iCaravan платформасына тіркеліп, ауыл туризмін дамытуға үлес қосып, қосымша табыс таба аласыз.
Ал саяхатшылар үшін бәрі оңай: мобильді қосымшаны жүктеп, ұнаған үйді таңдап, брондау жеткілікті. Осылайша, қарапайым демалыс қазақ ауылының тыныс-тіршілігін сезінуге мүмкіндік беретін ерекше сапарға айналады.



