Өскеменде ашық аспан астында фестиваль өтті

Өскемен қаласының орталығы бір күнге үлкен мерекелік алаңға айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары OSKEMEN LIFE жазғы фестивалінде түрлі мәдени, спорттық және шығармашылық шараларға қатысып, ерекше атмосфераны сезінді.
Фестиваль Чехов көшесі мен Горький көшесінің аралығын, Арбат пен Қасым Қайсенов саябағын қамтыды. Сағат 14:00-ден 22:00-ге дейін жалғасқан шара барысында концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, би және караоке батлдар, балаларға арналған ойындар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Күндіз тұрғындар ашық аспан астындағы йогаға қатысып, шай рәсімімен танысты, кітап және ойыншық алмасу алаңдарын аралады. Ал кешке қарай фестивальдің қарқыны артып, түрлі байқаулар мен музыкалық бағдарламалар көпшіліктің көңілінен шықты.
Ерекше қызығушылық тудырған шаралардың бірі – караоке батл болды. Қала тұрғындары сахнаға шығып, сүйікті әндерін орындап, өз өнерлерін көпшілікке көрсетті.
Арбатта Dopingukg тобы өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал Горький көшесінде өткен би батлында жас бишілер өз шеберліктерін көрсетіп, көрермендердің қолдауына ие болды.
Фестивальде балалар да назардан тыс қалмады. TikTok аймағында олар бейнероликтер түсіріп, асфальтқа сурет салып, шығармашылық қабілеттерін танытты. Сонымен қатар самокат жарысы ұйымдастырылды.
Кештің басты сахнасында диджейлер өнер көрсетіп, заманауи музыкаларымен қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Ал фестивальдің финалында танымал әнші ARGONYA сахнаға шығып, хит әндерін орындады.
Қала тұрғындарының айтуынша, OSKEMEN LIFE фестивалі Өскемендегі жазғы демалысты мазмұнды өткізуге мүмкіндік беріп, тұрғындарға жақсы әсер қалдырды.



