Танымал блогер Катонқарағай табиғатына тәнті болды

Катонқарағайда өткен халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестиваліне Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлерін әлемге танытып жүрген танымал видеограф, тревел-блогер Дастан Мұхамедрахим (@bydastann) қатысты.
Ол фестивальдің маңызына тоқталып, мұндай шаралардың түркі халықтарының мәдениеті мен рухани құндылықтарын насихаттауда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
«Бұл фестиваль түркі елдерінің басын қосып, ортақ тарихымыз бен мәдениетімізді дәріптейтін үлкен жоба. Осындай шаралар арқылы бір-бірімізді жақынырақ танып, байланысымызды нығайта түсеміз», – деді Дастан Мұхамедрахым.
Қазақстанның тұмса табиғатын түсіріп, әлемге танытып жүрген саяхатшы Катонқарағайдың көркіне ерекше таңданысын білдірді. Оның айтуынша, бұл өңірдің жайқалған жасыл даласы, асқар таулары мен таза табиғаты кез келген адамды тамсандырады.
«Катонқарағайдың табиғаты ерекше. Мұндағы жасыл шөп, таулар, таза ауа – бәрі бір-бірімен үйлесіп тұр. Мұндай жерлерді әлемге көрсету керек», – деді ол.
Сондай-ақ Дастан Мұхамедрахим биылғы фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің өнер көрсетуі болғанын атап өтті.
Оның пікірінше, алдағы жылдары «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі одан әрі дамып, әлемге танымал өнер жұлдыздарын жинайтын үлкен мәдени алаңға айнала алады.
Катонқарағайдағы бұл фестиваль тек өнер мен мәдениетті тоғыстырып қана қоймай, өңірдің бірегей табиғатын әлемге танытуға мүмкіндік беретін маңызды жобаға айналып келеді.



