Жаңалықтар
Тереңсайдағы көпір құрылысына тағы 9 млрд теңге қажет

«Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолын қайта жаңғырту аясында Тереңсайдағы (Осинов асуы) көпір құрылысы жалғасып жатыр.
Мамандардың айтуынша, Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірді салу инженерлік тұрғыдан күрделі жоба саналады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 65 пайызы аяқталған.
Жобаны толық аяқтау үшін жалпы 9,9 млрд теңге қажет. Оның 900 млн теңгесі бөлініп, игерілген. Ал келісімшарт бойынша қалған жұмыстарды аяқтауға тағы 9 млрд теңге керек.
Ұзындығы 175 метр болатын көпір 8 тірек пен 7 аралықтан тұрады. Ең биік тірегінің биіктігі 45 метрге жетеді. Қазір құрылыс алаңында 130-ға жуық жұмысшы мен 40-қа жуық арнайы техника еңбек етіп жатыр. Жоспар бойынша көпір құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.



