Өскемен аруы Miss World 2026 байқауында ел намысын қорғайды

Өскемен қаласының тумасы Бағым Балтабаева биыл Miss World 2026 халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан атынан қатысады.
Байқау биыл алғаш рет Вьетнамда өтеді. Әлемнің 130-ға жуық елінен келген арулар бір ай бойы түрлі мәдени және әлеуметтік іс-шараларға қатысып, өз елінің мәдениеті мен дәстүрін таныстырады.
Бағым Балтабаева – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің түлегі, мамандығы – бастауыш сынып педагогі.
Арудың айтуынша, халықаралық байқауда ол қазақ әйелінің тек батырлығын ғана емес, нәзіктігін, даналығын және ішкі сұлулығын көрсетуді мақсат етеді. Осы идеяны жеткізу үшін ұлттық киімінің негізгі символы ретінде аққуды таңдаған. Бұл – тазалықтың, адалдықтың және сұлулықтың белгісі.
Сонымен қатар Бағым жалғызбасты аналар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған қайырымдылық жобаларын таныстырады.
Өскемендік аруға әлемдік додада сәттілік тілейміз!



