Жаңалықтар

ШҚО-да қызылшамен ауырғандар саны қанша?

Өңірде қызылша жұқтыру жағдайы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Осы жылдың алғашқы алты айында өңірде қызылшаның 50 жағдайы тіркелген. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 248 адам болған.

Бұл туралы облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді.

Биыл қызылшаға шалдыққандардың басым бөлігі – балалар. 50 науқастың 33-і бала. Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында қызылша жұқтырған балалар саны 156 болған.

Ауру жұқтырғандардың 28-і Өскемен қаласының тұрғындары. Тарбағатай ауданында – 15 жағдай тіркелген. Алтай және Зайсан аудандарында екі адамнан ауырған. Бір-бір жағдай Риддер қаласы, Глубокое және Ұлан аудандарында анықталған.

Мамандардың мәліметінше, тіркелген 50 жағдайдың 23-і вакцина алмаған адамдар арасында болған. Оның ішінде жеті бала екпе алатын жасқа әлі толмаған. Ал сегіз жағдайда ата-аналар баласына вакцина салдырудан бас тартқан.

Сонымен қатар өңірде вакцинация жұмыстары жалғасып жатыр. Бір жасқа дейінгі балалардың 39,3 пайызы қызылшаға қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алған. Ал алты жастағы балалардың 37,3 пайызы екінші дозамен қамтылған.

Уақтылы екпе алмаған балаларды қосымша иммундау да жүргізілуде. Биыл 7-18 жас аралығындағы балалардың 46,6 пайызы қызылшаға қарсы вакцина алған.

Мамандар қызылшадан сақтанудың ең тиімді жолдарының бірі – вакцинация екенін еске салады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button