ШҚО-да негізгі экономикалық көрсеткіштер өсті

Облыс әкімдігінің отырысында бірінші жартыжылдықтың қорытындылары талқыланды.
Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,9%-ға, жеке инвестициялар 23,7%-ға өсті.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 22,3%-ға артты.150,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі де өсіп келеді. Биыл өңірде 611,1 мың гектар жерге егіс егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артық. Егіс алқаптарының ең жоғары өсімі Зайсан, Тарбағатай және Үлкен Нарын аудандарында байқалды.
Отырыста жаңа оқу жылына дайындық мәселесі де жеке қаралды.
Облыс мектептерінде 100 мыңнан астам оқушыны қабылдауға дайындық жүргізілуде. Оқушыларды тасымалдау үшін 126 автобус әзірленді.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қол жеткізілген көрсеткіштерді түпкі нәтиже емес, алдағы жұмыстың негізі ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – қол жеткізілген қарқынды жай ғана сақтап қалу емес, көрсеткіштерді одан әрі жақсарту. Инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, жаңа жобаларды іске қосып, құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау қажет. Әр жоспардың нақты нәтижесі болуы тиіс», – деді аймақ басшысы.



