Өскеменде «Shashlyk Fest» фестивалі өтті

Үлбі жағалауында «Shashlyk Fest» гастрономиялық фестивалі өтті. Мерекелік шара қала күніне арналған бағдарлама аясында ұйымдастырылды.
Фестивальде тұрғындар мен қала қонақтарына түрлі кәуаптар мен басқа да тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар қонақтар ойындарға қатысып, байқауларға араласып, сыйлықтар ұтып алды. Көңілді кешті диджей мен жүргізуші ұйымдастырды.
Фестивальді ұйымдастырушы Әнуар Ахметқалиевтің айтуынша, бұл шараны өткізу идеясы қала әкімі Алмат Ақышовтан келген.
«Бұл идея қала әкімі Алмат Ақышовқа тиесілі. Ол Беларуське немесе Омбыға барған іссапарларының бірінде осындай фестивальге қатысқан. Идеясы ұнап, оны өз қаламызда жүзеге асырдық», – деді Әнуар Ахметқалиев.
Қала тұрғындары да фестивальге жақсы баға берді. Көпшілік шараға отбасымен келіп, кәуаптан дәм татып, мерекелік көңіл күйге бөленді.
«Фестиваль бізге өте ұнап жатыр. Кәуаптары өте дәмді, бағалары да қолжетімді. Мерекелік көңіл күй сезіледі», – деді қала тұрғыны.
Ұйымдастырушылар «Shashlyk Fest» алдағы уақытта жыл сайын өтетін дәстүрлі мерекеге айналады деп жоспарлап отыр.



