Жаңалықтар

ШҚО-да ара шаруашылығы мәселелері талқыланды

Шығыс Қазақстан облысында омарташылар бас қосып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Жиынға өңірдің 60-тан астам омарташысы, ғалымдар, Омарташылар палатасының өкілдері және Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин қатысты.

Қазақстанда омарташылық саласы соңғы жылдары дамып келеді. 2025 жылы елімізде 5 мың тонна бал өндірілген. Оның 57,4 пайызы, яғни шамамен 2,9 мың тоннасы Шығыс Қазақстан облысына тиесілі.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, салаға қатысты бірқатар өзгеріс енгізілген.

«Заңнамалық тұрғыда табиғи балды құрамында қант шәрбаты, жасанды ингредиенттер және басқа да алмастырғыштары бар өнімдерден ажыратуға мүмкіндік беретін анықтамалар бекітілді. Бұған дейін мұндай өнімдер бал ретінде сатылуы мүмкін еді. Осыған байланысты жалған өнім сататын заң бұзушыларға ірі көлемде айыппұл түрінде жауапкершілік қарастырылған», – деді Аманғали Бердалин.

Сонымен қатар омарталарға ветеринариялық паспорт енгізілмек. Бұл құжат омартадағы аралардың жағдайын және жүргізілген ветеринариялық жұмыстарды есепке алуға мүмкіндік береді.

Жиында омарташылар маман тапшылығы мәселесін де көтерді. Бұған дейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінде омарташылық кафедрасы болған. Қазір мұндай бағыт жоқ. Вице-министр бұл кафедраны қайта ашу мүмкіндігін қарастыратынын айтты.

Зертханалардың жағдайы да талқыланды. Омарташылардың айтуынша, кей жағдайда бал өнімдерін тексеру үшін шетелдік зертханалардың қызметіне жүгінуге тура келеді.

«Бұл өте маңызды мәселе. Зертханалық жабдықтар соңғы рет 14 жыл бұрын сатып алынған. Өткен жылдан бастап оған қаражат бөліне бастады. Былтыр 3,8 млрд теңге, биыл сапалы жабдықтармен нақты зерттеулер жүргізу үшін 5,5 млрд теңге бөлінді. Біз жабдықтар сатып алып, мамандарды шетелде оқытып, аккредиттеуден өтіп жатырмыз», – деді вице-министр.

Кездесу барысында омарташылар өз ұсыныстарын мемлекеттік органдар мен ғалымдарға тікелей жеткізді. Алдағы уақытта бал өндіру көлемін арттырумен қатар, өнім сапасын көтеруге, білікті мамандар даярлауға және саланың инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілмек.

Жиын соңында омарташылық саласына үлес қосқан бірқатар маман марапатталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button