Жаңалықтар

Күрделі ми оталарын жасайтын робот іске қосылады-Өскемен

Өскемендегі Ана мен бала орталығына жасанды интеллектпен жұмыс істейтін заманауи нейрохирургиялық робот орнатылады. Remebot RM-200 деп аталатын жүйе балаларға ми мен жүйке жүйесіне қатысты күрделі оталарды жоғары дәлдікпен жасауға мүмкіндік береді.

Құны 433,5 млн теңге болатын жабдықты «Samruk-Kazyna Trust» қоры сатып алып, орталыққа табыстайды. Бұл — Қазақстан мен Орталық Азияда балалар нейрохирургиясында қолданылатын алғашқы осындай робот.

Жаңа жүйе арқылы дәрігерлер миға операцияны алдын ала жоспарлап, оның үш өлшемді моделін жасап, хирургиялық араласудың ең қауіпсіз бағытын анықтай алады. Сондай-ақ эпилепсия кезінде ауру ошағын анықтау, мидың терең бөліктеріндегі ісіктерге аз инвазивті биопсия жасау сияқты операцияларды жүргізу жоспарланып отыр.

Ана мен бала орталығы қазірдің өзінде Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан келген балаларға нейрохирургиялық көмек көрсетеді. Соңғы үш жылда мұнда ауыр эпилепсиямен ауыратын балаларға 33 VNS операциясы жасалған.

Роботты жыл соңына дейін орнатып, іске қосу жоспарлануда. Жаңа технология балаларға күрделі емді өз өңірінде алуға мүмкіндік беріп, басқа қалаларға немесе шетелге бару қажеттілігін азайтпақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button