Басты жаңалықЖаңалықтарСпорт

8 спорт нысаны салынады – ШҚО

Бүгінде өңірде спортпен айналысуға арналған 1 658 спорт нысаны жұмыс істейді. Енді бұл тізім 8 спорт нысанымен толықтырылады. Олардың қатарында Катонқарағай, Үлкен Нарын, Бозанбай, Марқакөл, Ақжар және Күршім ауылдарындағы 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Айнабұлақ ауылындағы спорттық модуль, сондай-ақ Өскемен қаласындағы ипподром бар.

Биыл екі ірі спорт нысаны пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Согра кентінде «ШҚО қысқы спорт түрлері бойынша МБЖОРСМ» КММ-нің шаңғы базасы іске қосылды. Сонымен қатар, Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы орталық стадион қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Қазан айында Ұлан ауданының Таврия ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді.

Бұқаралық спортты дамыту аясында жыл басынан бері облыс көлемінде 3 615 спорттық іс-шара өткізілді.
— Біртұтас аймақтық спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесіне сәйкес бірқатар маңызды жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, наурыз айында Өскемен қаласында 2012–2013 жылы туған мектеп оқушылары арасында «Алтын шайба» облыстық балалар хоккей турнирі өтті. Турнирге 10 команда қатысып, 200-ге жуық жас спортшы қамтылды. Сондай-ақ, 10 сәуір мен 16 мамыр аралығында қалалар мен аудандар, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттер арасында мемлекеттік қызметшілердің XVIII облыстық Спартакиадасы ұйымдастырылды. Жарыстар волейбол, мини-футбол, жүзу, садақ ату және шахмат спорт түрлері бойынша өтіп, 900-ден астам қатысушыны қамтыды, — деді ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button